«Астана» баскетбол клубының айналасындағы жағдайға Қазақстан Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ведомствоның айтуынша, соңғы жылдары клубтың халықаралық аренадағы өнері қойылған міндеттер мен күткен нәтижеге сәйкес келмеген. Өткен маусымда Бірыңғай ВТБ лигасында «Астана» соңғы, 12-орынды иеленіп, 44 ойынның тек екеуінде жеңіске жеткен. Жеңіліс пайызы 95%-дан асып, бұл клубтың лигадағы бүкіл тарихындағы ең нашар көрсеткіш болды. Сонымен қатар, команда сегіз жыл бойы осы турнирдің плей-офф кезеңіне шыға алмады.

Ішкі аренада да «Астана» баскетбол клубы алға қойған мақсаттарға жете алмады: Қазақстан Кубогы үшін күресте жеңіліп, Ұлттық лигада чемпиондық атаққа қол жеткізе алмады.

«Өткен жылы спортты қаржыландыру тиімділігін арттыруды көздейтін Заң қабылданды. Оның негізгі ережелері ұлттық құрама командаларды басым дамытуға, спорттық резерв қалыптастыруға, сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен легионерлерді қаржыландыруға тыйым салуға бағытталған. Қалыптасқан жағдайда отандық баскетболды дамыту тәсілдерін қайта қарау мүмкіндігі қарастырылуда. Басымдық жастар командасын дамытуға, спорттық резерв дайындауға және балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауға беріледі», — деп атап өтті ұйымда.

Бұған дейін елордалық команда мен Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншылары ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен спорт министріне бейнеүндеу жазған болатын. Спортшылар негізгі құрамның таратылуы оларды жұмыстан айырып, көпшілігін кәсіби мансабын аяқтауға мәжбүрлейтінін атап өтті. Ойыншылар клубқа кем дегенде Қазақстан чемпионатына қатысу үшін қаржыландыруды сақтауды сұрады.

«Бізге кәсіби деңгейде өнер көрсетуге мүмкіндік бере алатын басқа командалардың болмауына байланысты, мансабымызды жалғастыратын жеріміз жоқ. Бұл шешімнің қабылдануы 12 кәсіби баскетболшының мансабын аяқтауға мәжбүрлейді, ал Қазақстан ұлттық құрамасы көп жылдар бойы халықаралық аренада еліміздің намысын қорғап келе жатқан ойыншылардан айырылады. Егер «Астана» ПБК Қазақстан чемпионатына қатысуды сақтап қалса, бізде елімізде баскетболды дамыту, өз клубтарымыз бен ұлттық құраманың намысын қорғау мүмкіндігі қалады. «Астананың» негізгі командасының жойылуы бүкіл қазақстандық баскетболға ауыр соққы болады. Бұл жас ойыншылардың дамуына қауіп төндіреді, ұлттық чемпионатты әлсіретеді, ұлттық құрамаға ойыншылар дайындау жүйесін бұзады және спорт түріміздің болашағына үлкен зиян келтіреді. Сондай-ақ, біз барлық жанкүйерлерімізге осы қиын жағдайда бізді қолдап, қоғам назарын осы мәселеге аударуға көмектесу өтінішімен жүгінеміз. Сіздердің қолдауларыңыз бүгін ерекше маңызды», — делінген ойыншылардың үндеуінде.