Астанада «Buyers Union» қаржы пирамидасын ұйымдастырды және оның қызметіне басшылық етті деп күдіктелген бес адамға қатысты тергеу аяқталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, қызметке заңды көрініс беру үшін тұтыну кооперативі мәртебесі пайдаланылған, ірі бизнес-орталықтарда кеңселер жалға алынып, өңірлік бөлімшелер құрылған.
Кеңселердің тармақталған желісі Астана, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Атырау, Көкшетау, Қарағанды, Тараз, Шу, Алматы, Шымкент және Қазақстанның басқа да елді мекендерінде жұмыс істегені анықталды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, әлеуметтік желілер мен интернет-алаңдар арқылы азаматтарға тұрғын үй немесе көлік сатып алуға «пайызсыз» несие алу, қолданыстағы кредиттерді қайта қаржыландыру не Trade-in бағдарламаларын пайдалану мүмкіндігі жарнамаланған.
Несие алудың негізгі шарттарының бірі жаңа пайшыларды тарту болғаны атап өтіледі.
Алғашқы пай жарнасын енгізгеннен кейін азамат кезекке тұратын, ал кезектің ілгерілеуі жаңа қатысушылардан түскен қаражатқа байланысты болған.
«Пайшылармен жұмыс істеу үшін онлайн шарт жасасуға, жеке кабинетті пайдалануға, енгізілген қаражатты және кезектің ілгерілеуін қадағалауға мүмкіндік беретін "TrustContact" және "TrustMe" цифрлық платформалары қолданылды», — делінген ведомство хабарламасында.
Қаржылық мониторинг агенттігінде хабарлағандай, осылайша 332 азаматпен жалпы сомасы 562 млн теңгеден астам шарт жасалған.
Қазіргі таңда сот санкциясымен алты көлікке, сондай-ақ 5 513 USDT және 1 003 Futeres көлеміндегі криптоактивтерге тұтқын салынды.
Қылмыстық іс сотқа жіберілді.


