Бүгін өткен Астана маслихатының отырысында автокөліктерді эвакуациялау тарифтерін көтеру мәселесі талқыланды. Депутаттар қолданыстағы бағаларды өзгертпеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды infohub.kz.

Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының басшысы Дәурен Сәбитовтің мәліметінше, ай сайын астанада 500-ден астам автокөлік айыппұл тұрағына жеткізіледі. Ол автокөліктерді сақтаудан түсетін кіріс оларды күтіп ұстау шығындарын ішінара ғана жабатынын атап өтті. Тасымалдау мен тұрақ құны 34 мың теңгені құрағанда, айыппұл тұрағы үшін төлем 3 АЕК (12 975 теңге) мөлшерінде белгіленген. Орталық басшысы сөз сөйлеу барысында тарифті өзіндік құнға жақындатуды ұсынды.

Алайда маслихат депутаттары бұл ұсынысты қолдамай, міндет — «адамдарды жазалау емес» екенін айтып, шығындарды басқа жеке тұрақтар есебінен жабуға ұсыныс жасады.

«Әзірге тарифтерді көтермейміз, сондықтан басқа мәселелермен айналысыңыздар — заң бойынша электромобильдерге тегін тұрақ мәселесі әлі шешілмеген. Тарифтерден басқа да көптеген проблемалар бар. Алдымен соларды шешуді ұсынамын», — деді маслихат төрағасы Табиғат Зейнулқабден.

Еске салайық, сәуір айының соңынан бастап Астанада тоқтау және тұрақ ережелерін бұзғаны үшін автокөліктерді ақылы эвакуациялау ресми түрде қолданыла бастады.