Астанада цифрлық алаңдар арқылы заңсыз интернет-казино ұйымдастырған бірнеше азаматқа қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қаржылық мониторинг агенттігі өзінің Telegram-арнасында хабарлағандай, заңсыз интернет-казинолардың жұмысын қамтамасыз етті деп күдіктелген адамдар тобы сот алдында жауап береді. Іс материалдары бойынша, құқыққа қайшы әрекет Nomadgames, Sultangames интернет-ресурстары және олардың айна ресурстары арқылы жүргізілген болуы мүмкін.
«Ойыншылардың ақшасын қабылдау үшін төлем ұйымдарын, банктік эквайрингті, POS- және интернет-терминалдарды, электрондық әмияндар мен криптовалюта құралдарын қамтитын көпдеңгейлі инфрақұрылым пайдаланылды. Схемаға төлем инфрақұрылымын қосуды, міндетті тексерусіз шарттар жасасуды және интернет-терминалдарға тиісті MCC-кодтарды беруді қамтамасыз еткен банк секторының өкілдері қатысты. Операциялардың нақты мақсатын жасыру үшін олар заңды букмекерлік және өзге де шаруашылық қызмет кейпінде жүргізілді», — деп мәлімдеді агенттікте.
Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, нәтижесінде электрондық терминалдар арқылы 188 млрд теңгеден астам сомаға операциялар жүргізілген. Қылмыстық кірістерді заңдастыру үшін бақылаудағы жауапкершілігі шектеулі серіктестік пайдаланылған деп болжанады — жалған шарт аясында оның шоттарына 10 млрд теңге түскен.
«Кейіннен ақша криптовалютаға айырбасталып, күдіктілердің криптовалюта әмияндарына жіберілді. Тергеу барысында жалпы сомасы 19 млн USDT цифрлық активтің ауыстырылғаны анықталды», — деп қосты ҚМА-да.
Сот санкциясымен 3 пәтерге, 6 автокөлікке, сондай-ақ 1,4 млрд теңге сомасындағы криптоактивтер мен банк шоттарындағы ақшаға тыйым салынды. Үш күдіктіге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы, тағы үшеуіне кепіл түріндегі шара қолданылды, екеуі ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхатпен жүр.


