Жүргізушілер Алматы облысындағы Астана – Қарағанды – Алматы тасжолының бір бөлігінде жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша қозғалыс шектелетіні туралы ескертілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«КазАвтоЖол» ұлттық автокөлік жолдары операторының мәліметінше, Алматы облысында республикалық маңызы бар KAZ01 Астана – Қарағанды – Алматы автомобиль жолының учаскесінде жөндеу-құрылыс жұмыстарына байланысты көлік құралдарының қозғалысы уақытша шектеледі.
Шектеу 2026 жылғы 17-20 тамыз аралығында күн сайын сағат 06:00-ден 20:00-ге дейін 1177 км (Ақсай ауылы) – 1186 км (Жібек Жолы ауылы) учаскесінде қолданылады.
«Көрсетілген кезеңде барлық түрдегі көлік құралдарының қозғалысы шектеледі. Жабық учаскені айналып өту үшін Ақсай – Байкент, Байкент – Боралдай, Боралдай – Жібек Жолы автомобиль жолдары бойынша баламалы бағыттар қарастырылған», – деп нақтылады «КазАвтоЖол».
Жүргізушілерден бағыттарын алдын ала жоспарлауды, уақытша шектеулерді ескеруді және жол белгілерінің талаптарын сақтауды сұрайды.
«Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз. Шектеулер жөндеу-құрылыс жұмыстарын қауіпсіз және сапалы жүргізу үшін қажет», – деп қосты «КазАвтоЖол».


