Қазақстан астанасында қажетті инфрақұрылымы жоқ шеткі аудандарда көппәтерлі тұрғын үйлерді салуға уақытша тыйым салу жоспарлануда. Бұл шектеу 2035 жылға дейін күшінде болуы мүмкін, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек Ахметов қалалық мәслихаттың VIII сайланымдағы кезектен тыс сессиясында тиісті норма қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларына енгізуді ұсынып отырғанын мәлімдеді.

Ахметовтің айтуынша, өзгерістер ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасарының 2025 жылғы 10 қарашадағы хаттамалық тапсырмасын орындау үшін дайындалған. Шенеунік қағидалар жобасы уәкілетті органдармен келісілгенін, қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейтінін және құқықтық актілерге қойылатын талаптарға сәйкес келетінін атап өтті.

Өзгерістерді қабылдау қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді және жеке кәсіпкерлік субъектілеріне әкімшілік кедергілер туғызбайды, деп түйіндеді Ахметов.