Астаналық жас курьер әлеуметтік желіде бір айдағы табысын жариялап, пайдаланушылар арасында қызу пікірталас тудырды. Жігіттің айтуынша, ол жеткізу қызметінде айына 760 мың теңге тапқан, бірақ күніне 8–12 сағат көлікпен жұмыс істеген. Ол сөзін қосымшадағы скриншоттармен растаған, деп хабарлайды infohub.kz.

Ернар бейнежазбада жұмысқа байланысты шығындарды да атап өтті. Бензинге шамамен 50 мың теңге, жол ережесін бұзғаны үшін айыппұлға 20 мың теңге, көлік жууға 8 мың теңге жұмсалған. Тағы 40 мың теңге түскі асқа кеткен, дегенмен пікір білдірушілер бұл шығын кез келген жұмыста болатынын орынды атап өтті. Сонымен қатар, жігіт автокредитін өтеуге 200 мың теңге жіберген. Осылайша, барлық шегерімнен кейін оның қолында шамамен 443 мың теңге қалған.

Кейбір пайдаланушылар жас жігіттің аккаунты қазақстандықтар арасында онша танымал емес жеткізу қызметінің жасырын жарнамасы болуы мүмкін деп болжады. Алғашқы видеода ол 20 шілдеде жұмыс істей бастағанын айтып, апталық қорытынды шығарады, кейін айлық есеп жариялайды. Алайда бұл жарнамалық амал болса да, курьер еңбегі туралы қоғамдық пікірталасты жоққа шығармайды.

Лайықты табыс табу үшін курьерлерге ауысымда шамамен 12 сағат жұмыс істеуге тура келетіні анық, ал осы ауыр физикалық еңбегі үшін олар зияткерлік мамандық иелерінен — ғалымдар мен инженерлерден көбірек алады. Бір пайдаланушы: «Мұндай режим бірнеше айға жетеді, кейін ағза шаршап, кеңседе жұмыс іздеп, соны армандайсың. Жеткізуші болу — өте ауыр жұмыс. Ал миллионға сенбеймін, дәлірек айтқанда, бұл тұрақты болады деп ойламаймын. Бір-екі жылдан кейін әл-дәрмен қалмайды. Бұл тек жастарға, ең көбі бір жылға» деп жазды.

Пікірлерде мұндай мысалдар жастарды білім алудан бас тартып, тез ақша табуға итермелеуі мүмкін деген қауіп те айтылуда. Бір пайдаланушы: «Мұны не үшін жариялайтынын ешқашан түсінбедім. Жастардың жартысын шатастырасыздар. Менің 19 жастағы ұлым осыған байланысты оқымай жүр. Жеткізу мен таксиде ақша табамын дейді. Қызым да бұрын даяшы болуды сұраған, рұқсат бермедім, бірақ кейін ол өзіне ұнайтын флорист жұмысын тапты. Оқиды да, сүйікті жұмысына барады» деп жазды.

Бұған дейін Kursiv LifeStyle Қазақстанда такси жүргізушілері мен курьерлерді әйел клиенттермен кәсіби қарым-қатынасқа үйрету жоспарланғанын хабарлаған.