19 қыркүйектен бастап елордада ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері басталады. Әр өңірдің фермерлері өз өнімдерін астаналықтарға тікелей сатады. Қызылорда және Атырау облыстарының тауар өндірушілері қатысатын алғашқы жәрмеңке осы демалыс күндері — 19 және 20 қыркүйекте өтеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Елорда әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жәрмеңкелер 1 қарашаға дейін демалыс күндері өтеді.

«Осы демалыста, 19 және 20 қыркүйекте елордада Қызылорда және Атырау облыстарының тауар өндірушілері қатысатын алғашқы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді», — деп хабарлады әкімдікте.

Астанаға 600 тоннадан астам өнім әкелінеді. Оның ішінде:

260 тонна бақша өнімдері;

220 тонна күріш;

65 тонна балық;

40 тонна ет және ет өнімдері;

20 тоннадан астам басқа да өнімдер.

Жәрмеңкеде ет, балық, сүт және бакалея өнімдерін сатып алуға болады. Тауарларды өндірушілер тікелей сатады.

«Жәрмеңке «Қазанат» ипподромының тұрағы аумағында, Қарқаралы тас жолы, 1 мекенжайы бойынша өтеді. Сондай-ақ тұрғындар мен елорда қонақтарына қолайлы болу үшін жәрмеңке кезінде оның орнына № 18, 37 және 303 автобус бағыттары қатынайды», — делінген хабарламада.

Жәрмеңке сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді.

Бұған дейін Kursiv LifeStyle сенбіде, 19 қыркүйекте Алматыдағы Villa Boutiques & Restaurants мейрамханасында жайлы фермерлік маркет өтетінін жазған болатын. Келушілерге жергілікті өнімдер, кофе, балмұздақ, ашық отта пісірілген ет және отбасылық іс-шаралар ұсынылады.