Астанада LRT құрылысына жыл басынан бері 300 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған болуы мүмкін, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Аналитиктердің есептеуінше, биылғы сегіз айда елордалық LRT құрылысына 300 млн теңгеден астам қаржы кеткен болуы мүмкін, деп жазады NUR.KZ Бірінші кредиттік бюроға сілтеме жасап.
Аналитиктер Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйене отырып, жыл басынан Астанада теміржол және метро құрылысы бойынша орындалған жұмыс көлемі 306,5 млрд теңгені құрағанын мәлімдеді. Бұл сома 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 есе көп (инфляция есепке алынбаған). Соңғы 10 жылда қаңтар-тамыз аралығында мұндай жоғары көрсеткіш алғаш рет тіркеліп отыр.
«Статистикалық көрсеткіштің астарында негізінен LRT құрылысына жұмсалған нақты шығындар жатыр – бұл Астананың көлік инфрақұрылымын дамыту саласындағы ең ірі жоба, соңғы уақытта қарқынды жүзеге асырылып келеді», – деп нақтылады бюрода.
Осылайша, 16 мамырда LRT бірінші кезегі іске қосылып, әуежайдан жаңа теміржол вокзалына дейінгі учаске пайдалануға берілді. Бірнеше күн бұрын, 3 мамырда, екінші кезектің – Қосшы бағытындағы учаскенің құрылысы басталғаны белгілі болды, алғашқы бетон тірек құйылды.
«Ашық деректер LRT екінші кезегін салу қаншаға түсетінін анықтауға мүмкіндік бермейді. Айлар бойынша орындалған жұмыс көлемі нақты түсінік бермейді, өйткені екінші кезектің құрылысы бірінші кезектің аяқталуымен тұспа-тұс келді – екі оқиға да мамырда болды. Соған қарамастан, екінші кезектің құны қазіргі таңда қаңтар-тамыз көлемінің кемінде жартысына сәйкес келеді деп болжауға болады. Себебі, кезеңнің жалпы сомасының 47%-ы, яғни 146,1 млрд теңге, шілде мен тамызға тиесілі, ал маусым көрсеткіші нөлге жуық», – деп қосты аналитиктер.
Бірінші кредиттік бюроның дерегінше, жалпы алғанда, LRT құрылысы басталған 2017 жылдан бері Астанада теміржол және метро құрылысы бойынша орындалған жұмыс көлемі ағымдағы бағамен 756 млрд теңгені құрады. Айта кету керек, LRT-тен бөлек, бұл сома елорданың теміржол желісін кеңейтуге байланысты басқа да жобаларға жұмсалған шығындарды көрсетуі мүмкін.
Еске салайық, Астанада Tarlan Astana (LRT) желісінің тағы үш жаңа желісі пайда болады. Оның біреуінің құрылысы Қосшы қаласы бағытында басталып кетті.


