Қазақстан астанасында Tarlan Astana (LRT) жеңіл рельсті көліктің тағы үш желісін салу жоспарлануда. Оның бірі Қосшы қаласы бағытында қазірдің өзінде салынып жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
КТК телеарнасының мәліметінше, жаңа желілердің жалпы ұзындығы шамамен 26,5 шақырымды құрайды. Ұзындығы 9 шақырым болатын екінші желі 9 станцияны қамтиды және Сығанақ көшесінен Тұран мен Сарыарқа даңғылдары арқылы Жеңіс даңғылына дейін өтіп, ескі теміржол вокзалында аяқталады. Ұзындығы 8,5 шақырымға жуық үшінші желі де Сығанақ көшесінің ауданынан басталып, осы көше бойымен Айтматов көшесіне дейін барады, 9 станциясы болады. Жеке тармақ Астананы Қосшы қаласымен байланыстырады: оның құрылысы қазірдің өзінде белсенді жүріп жатыр, ұзындығы 9 шақырымды құрайды, үш станциясы болады. Бұл желіде қозғалысты келесі жылы іске қосу мүмкін, алайда бұрын айтылғандай, бұл қаржыландыруға байланысты.
Еске салайық, 16 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы LRT жұмысына ресми түрде бастау берді. Кейін «Астана-1» вокзалы, «Жағалау» тұрғын алабы және Қосшы қаласы бағыттарында жаңа желілер салу көзделгені белгілі болды. Биыл Қосшы қаласы бағытында құрылыс жұмыстары да басталды.


