Астанада тұрақта болған өрт салдарынан Audi A6 көлігі жанып кеткен оқиға бойынша сот шешім шығарды. Оқиға 2025 жылдың мамыр айында болған, ал өрттің себебі — сөндірілмеген сіріңке және көлік құралын пайдалану ережелерінің бұзылуы, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Тараз қалалық соты келтірілген залалды өтеу туралы талап-арызды қарап, болған оқиғаға екі көлік иесінің де кінәлі екенін анықтады. Жауапкер өз көлігінде отырып, темекі тұтатып, ашық терезеден сөндірілмеген сіріңкені лақтырып жіберген. Сол сәтте қасында тұрған, газбаллондық қондырғымен жабдықталған Audi A6 көлігі тұтанып кеткен.
Жүргізілген сараптама өрттің себебі талапкердің көлігінен шыққан газ буының ағып кетуінен пайда болған газ-ауа қоспасының тұтануы екенін көрсетті. Іс материалдарында: «Тұтану көзі жауапкер лақтырған сөндірілмеген сіріңке болды» делінген.
Жауапкерге қатысты қылмыстық іс қасақаналықтың болмауына байланысты тоқтатылды, ал әкімшілік іс ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жабылды. Алайда бұл оны азаматтық-құқықтық жауапкершіліктен босатпады.
Сонымен қатар, сот жанып кеткен көліктің иесі де өрескел абайсыздық танытқанын атап өтті. Ол ұзақ уақыт тұраққа қояр алдында өрт қауіпсіздігінің міндетті талаптарын орындамаған, бұл газдың ағып кетуіне әкелген. Сот шешімінде: «Өрт екі себептің жиынтығынан болды: жауапкердің абайсыз әрекеттері және талапкер тарапынан көлікті пайдалану ережелерінің бұзылуы» делінген.
Тәуелсіз бағалау бойынша, келтірілген залал 2,9 миллион теңгеден асты. Тараптардың әрқайсысының кінәсінің дәрежесін ескере отырып, сот талап-арызды ішінара қанағаттандырып, жауапкерден 1,6 миллион теңгеден астам материалдық залал және сот шығындарын өндірді. Сот шешімі заңды күшіне енді.


