10 тамызға қараған түні Астана — Петропавловск тас жолында жол-көлік оқиғасы болып, жаяу жүргінші қаза тапты. Toyota Camry көлігінің астында қалған жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды, тағы бір адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды infohub.kz.

Апат салдарын көрген куәгер Threads әлеуметтік желісінде түнгі сағат екілер шамасында Астанаға қарай келе жатып, Qazaq Oil жанармай құю бекетінде тоқтағанын айтты. Оның айтуынша, жанармай құю станциясының жанында жолдың жүру бөлігінде жатқан ер адамды және көлік жүргізушісін көрген, ол қатты шок күйінде болған.

«Жанармай құю бекетінің дәл жанында жерде жүргізуші отырған. Ол басын ұстап, есін жия алмай жатты. Адамның болған оқиғадан кейін қатты шок күйінде екені көрініп тұрды», — деп жазды автор.

Сондай-ақ, ол оқиға орнында болғандардың сөзінше, жаяу жүргіншінің мас болып, жолға жүгіріп шыққанын айтты. Алайда куәгердің өзі соққы сәтін көрмегенін, сондықтан бұл нұсқаны растай алмайтынын жеткізді.

Ақмола облыстық полиция департаменті апат фактісін растады. Ведомствоның мәліметінше, оқиға сағат 01:45 шамасында Астана — Петропавловск тас жолының 234-шақырымында болған.

«Toyota Camry көлігін жүргізіп келе жатқан жүргізуші Астана — Петропавловск тас жолының 234-шақырымында жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жаяу жүргінші оқиға орнында қаза тапты. Бір әйел жолаушы әртүрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді», — деп хабарлады полиция.

Апат бойынша тергеу жүргізілуде.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстанда 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 15 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 832 адам қаза тапқанын жазған болатын. inDrive сервисінің дерегінше, өліммен аяқталған оқиғалардың 86 пайызы елдің өңірлерінде болған, ондағы апаттардың едәуір бөлігі қалааралық жолдарда орын алады.