Астана қаласының прокуратурасы азаматтарға кең таралған алаяқтық схемалары туралы маңызды ескерту жасап, алданып қалмау жолдарын ұсынды, деп хабарлайды infohub.kz.

Қазіргі уақытта қызмет көрсету немесе жұмыс орындау деген желеумен алдын ала төлем алып, кейін міндеттемелерді орындамау, сатып алу-сату мәмілелерін жасау кезінде алдау, сондай-ақ мүлікті жалға беру кезінде ақша қаражатын ұрлау жағдайлары жиі кездеседі.

Цифрлық технологиялардың дамуына байланысты интернет-алаяқтық кең таралды. Қылмыскерлер әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді (Instagram, WhatsApp, Telegram), жалған интернет-сайттарды, фишингтік хабарламаларды пайдаланып, азаматтардың сеніміне кіріп, олардың ақша қаражатын иемденеді.

Нұра ауданы прокуратурасы бөлімінің бастығы Шаһрирамадан Сұлтан ең көп таралған схемаларды атады: жөндеу жұмыстарын орындау немесе қызмет көрсету деген желеумен алдын ала төлем алып, кейін міндеттемелерді орындамау; туристік сапарлар, әуебилеттер немесе қонақүйлерді брондау қызметтерін ұсыну арқылы ақша қаражатын иемдену, бірақ уәде етілген қызметтерді көрсетпеу; өзін банк қызметкерлері немесе мемлекеттік органдардың өкілдері ретінде таныстырып, азаматтарды ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға, банк картасының деректемелерін немесе SMS арқылы келген растау кодтарын хабарлауға көндіру; әлеуметтік желілер арқылы техника, автомобиль және басқа да мүлікті жалға алу туралы келісімдер жасап, кейін оларды заңсыз иемдену немесе қайтармау; жоқ пәтерлерді немесе басқа адамдарға тиесілі пәтерлерді жалға беру туралы жалған хабарландырулар орналастырып, кепілдік немесе алдын ала төлем алу; интернет арқылы жалған инвестициялық жобаларды, трейдинг платформаларын немесе ақылы оқу курстарын ұсынып, азаматтардың ақша қаражатын иемдену; фишингтік сілтемелер арқылы мессенджерлердегі аккаунттарға қол жеткізіп, кейін аккаунт иесінің атынан оның туыстары мен таныстарына ақша аударуды өтініп хабарласу.

Прокуратура азаматтарды кез келген күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарауға және үшінші тұлғаларға жеке деректерін, банк карталары туралы мәліметтерді және SMS арқылы келетін растау кодтарын бермеуге шақырады.

«Бөгде адамдарға банк карталарының деректемелерін және SMS арқылы келетін растау кодтарын хабарлауға болмайды. Сонымен қатар, тым тиімді немесе оңай табыс уәде ететін ұсыныстарға сыни көзқараспен қарау қажет. Қазақстан Республикасының заңнамасында алаяқтық жасағаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік көзделген. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес, ауырлататын мән-жайлар болған кезде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі адамға мүлікті тәркілеу, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру, сондай-ақ он жылға дейін бас бостандығынан айыру сияқты жаза қолданылуы мүмкін», — деді ол.