Қыркүйек айында Астанада әйгілі француз клубы «Пари Сен-Жерменнің» (PSG) ресми балалар академиясы жұмысын бастайды. Қазақстан PSG Academy халықаралық желісіне қосылған 24-ші ел болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Академияның алғашқы оқу-жаттығу орталығы елордадағы Air Arena спорт кешенінде орналасады. ФИФА стандартына сай толық өлшемді алаңы бар жабық кешен жас спортшыларға ауа райына қарамастан жыл бойы жаттығуға мүмкіндік береді.

Алғашқы маусымда академия 6 бен 14 жас аралығындағы 300-ге жуық баланы қабылдауды жоспарлап отыр. Балалар жасы мен дайындық деңгейіне қарай топтарға бөлінеді, ал оқу процесі париждік клубтың ресми әдістемесі бойынша жүргізіледі.

PSG Academy Kazakhstan жобасының негізін қалаушы — кәсіпкер Алмаз Альсенов. Оның айтуынша, академияның басты мақсаты — әлемдік деңгейдегі дайындық жүйесін қолжетімді ету және балалардың спорттық әрі тұлғалық өсуіне жағдай жасау.

Жоба сондай-ақ балалар футболын дамытуға және қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыруға күшті серпін береді. Академияның барлық жаттықтырушылары PSG Academy бағдарламасы бойынша арнайы оқудан өтіп, Париждегі «ПСЖ» техникалық мамандарынан тұрақты әдістемелік қолдау алады.

«Академияның басты мақсаты — балаларға әлемдік деңгейдегі дайындық жүйесін қолжетімді ету және олардың спорттық әрі тұлғалық өсуіне жағдай жасау», — деп атап өтті PSG Academy Kazakhstan негізін қалаушы Алмаз Альсенов.

Астана тек бастапқы нүкте болады: болашақта франшизаны Қазақстанның басқа өңірлеріне де кеңейту жоспарлануда.

2005 жылы құрылған PSG Academy бүгінде әлемдегі ең ірі футбол желілерінің бірі болып табылады. 24 елде 200-ден астам жаттығу орталығы жұмыс істейді, онда жыл сайын 50 мыңнан астам жас футболшы оқиды.