Астанада Сарайшық көшесі, 36 мекенжайындағы заңсыз қосымша ғимаратты бұзу кезінде пандус пен тұрғын үйдің қасбеті зақымдалды. Бұл жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жағдайға журналист Михаил Козачков назар аударды. Ол өзінің Telegram-арнасында елордадан кері байланыс боты арқылы жіберілген бейнежазбаны жариялады.
«Бәрі дұрыс сияқты — сот шешімі болса, орындау керек. Алайда жергілікті тұрғындар бұзу кезінде пандус пен тұрғын үйдің қасбеті неге зақымдалғанын түсінбей отыр. Енді мұның бәрін кім қалпына келтіреді?» — деп жазды ол.
Болған жағдайға қатысты түсініктеме алу үшін журналистер әкімдікке жүгінді. Ведомство бұзудың сот шешімінің негізінде жүргізілгенін, ал оның орындалуына сот орындаушысы жауапты болғанын түсіндірді.
«Нысанды бұзу сот шешімі бойынша жүзеге асырылды. Сот актісінің орындалуына сот орындаушысы жауапты болды. Нақты бұзуды нысан иесі жүргізді. Бұл ретте әкімдік бұзу жұмыстарының тікелей орындаушысы болып табылмайды, тек өз құзыреті шегінде сот шешімінің орындалу барысын бақылайды», — делінген хабарламада.


