Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үшінші Ауыл шаруашылығы қызметкерлері форумында ауылды және аграрлық секторды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жан-жақты талдау қажеттігін мәлімдеді. Себебі олардың көбісі атауымен ғана ерекшеленіп, іс жүзінде бірін-бірі қайталайды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Мемлекет басшысы саланың соңғы жеті жылдағы дамуы туралы деректерді келтірді. Оның айтуынша, елде азық-түлік өндірісі 28%-ға өскен, жалпы құны 2,7 трлн теңге болатын 1 630 инвестициялық жоба іске қосылған. Агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспорт көлемі екі есеге артып, 7 млрд долларға жақындаған, ал экспорттағы өңделген өнім үлесі 52%-ға жеткен.
Президент былтыр соңғы 20 жылда алғаш рет цифрлық технологияларды қолдана отырып, ұлттық ауыл шаруашылығы санағы жүргізілгенін еске салды. Бұл ауыл шаруашылығындағы нақты жағдайды көрсететін толық әрі дәл деректер жинауға мүмкіндік берді.
«Жалпы алғанда, еліміздің ауыл шаруашылығының әлеуеті зор. Біздің басты міндетіміз — бар мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, белсенді жұмысқа дереу кірісу», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ауылды қолдау бағдарламаларына жеке тоқталды. Ол соңғы жылдары атауымен ғана ерекшеленіп, іс жүзінде бірін-бірі қайталайтын аграрлық бағдарламалардың көбейіп кеткенін атап өтті. Олардың қатарында «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі», «Кең дала», «Береке», «Жайлау», «Игілік», «Сыбаға» және басқалары бар.
«Әрине, әрбір жоба осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін әзірленеді. Бірақ осы жұмыстың бәрі қаншалықты тиімді жүргізіліп жатыр? Бұл сауал әбден орынды деп есептеймін. Бағдарламалардың санын көбейту емес, ауыл шаруашылығын сапалы дамыту қажет», — деп атап өтті президент.
Үкіметке ауылды және аграрлық секторды қолдау мақсатында әзірленген құжаттарды жан-жақты талдау міндеті жүктелді. Әрбір бағдарламаның өз мақсаты мен міндеті болуы, ал қабылданатын шаралар аграрийлерге түсінікті әрі ауылдағы өмір сапасын жақсартуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл мәселе бюджет қаражатын үнемдеу қажеттілігімен тікелей байланысты.
Президент сондай-ақ ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігін айтты.


