Қазақстан астанасында азық-түлікті робот-курьерлер арқылы тегін жеткізу бойынша пилоттық жоба басталды. Әзірге қызмет тек Есіл және Нұра аудандарының тұрғындарына қолжетімді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жобаны Астана әкімдігі полиция департаментімен, «Astana Innovations» АҚ және Yandex Qazaqstan компаниясымен бірлесіп, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен жүзеге асыруда.
Қызметті пайдалану үшін Yandex Go қосымшасын ашып, «Лавка» бөліміне өтіп, тапсырыс беру керек. Егер жеткізу мекенжайы пилоттық жоба аймағына кірсе, пайдаланушы кәдімгі курьерді немесе робот-жеткізушіні таңдай алады. Роботпен жеткізу үшін қосымша ақы алынбайды.
«Робот үйге жаяу жүргіншілер жолымен барады және кіреберіс тұсындағы тротуарда немесе жақын жердегі қолжетімді нүктеде тоқтайды. Пайдаланушы оның қозғалысын қосымшадан бақылай алады, ал келгеннен кейін смартфон арқылы жүк салғышын ашып, тапсырысын алады», — деп түсіндірді әкімдікте.
Роботтар маршрутты өз бетінше салады және навигация жүйелері, компьютерлік көру және заттарды тану көмегімен айналадағы жағдайды талдайды. Олар кедергілерді айналып өтеді, жаяу жүргіншілерді өткізеді, жылдамдықты бәсеңдетеді және қажет болғанда тоқтайды. Орташа жылдамдығы сағатына шамамен 6 км, ал конструкциясы әртүрлі ауа райы жағдайында жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін «Курсив» Астанада алғашқы аэротаксидің демонстрациялық ұшуы өткенін хабарлаған болатын.


