Астананың екі тұрғыны түнгі уақытта тұрғын үй аулаларында салют атып, бес тәулікке қамалды. Жігіттер достарын туған күнімен құттықтағысы келген, алайда қала тұрғындарының тыныштығын бұзған, деп хабарлайды infohub.kz.

Алғашқы оқиға Сарыарқа ауданында болды. Елорданың 18 жастағы тұрғыны Ықылас Дүкенұлы көшесіндегі үйдің ауласында салют атқан. Қатты дыбыс жергілікті тұрғындарды оятып, олар полицияға хабарласқан.

Ұқсас жағдай Есіл ауданында тіркелді. Онда 24 жастағы ер адам Әл-Фараби даңғылындағы тұрғын үйдің жанында түнгі салют ұйымдастырған. Ол да досын құттықтағысы келгенін айтқан.

Екеуі де ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот олардың әрқайсысына бес тәулік қамау жазасын тағайындады.

«Тұрғын үй аулаларында түнгі уақытта пиротехникалық бұйымдарды қолдану көптеген азаматтардың мүддесіне нұқсан келтіреді. Полиция мұндай фактілерге дереу жауап беріп, бұзушыларды анықтайды және заңда көзделген шараларды қолданады», — деді Астана қалалық ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Марат Өмірбаев.

Полиция туған күнді тойлау қоғамдық тәртіпті сақтау міндетінен босатпайтынын еске салды. Аулаларда кеш уақытта пиротехниканы ату заң бұзушылық болып саналады және жауапкершілікке әкеп соғады.