Астанадағы самса шығаратын аспаздық цехтың жұмысы әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін тоқтатылды. Бейнежазбада қолданушылар тазалық талаптарының сақталмағанын байқаған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Threads желісіндегі aelitanursultan деген қолданушы Астанадағы самса цехы иесінің парақшасынан видео жариялаған. «Көргеніме есім шықпады, мұндай жағдайда қалай тамақ дайындауға болады?!» — делінген хабарламада.
Кадрларда цех қызметкерлері қолғапсыз жұмыс істеп жатқаны, ал өнімдер едендегі ашық ыдыстарда сақталғаны көрінеді.
Астананың Сарайшық ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, е-Өтініш порталы арқылы түскен азаматтардың өтініштері негізінде тамақтану нысаны — Samsa food аспаздық цехына қатысты жоспардан тыс тексеру тіркелген.
«Тексеру барысында санитарлық ережелер талаптарының көптеген бұзылуы анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша 19 қарашада жеке кәсіпкерге қатысты жедел ден қою шаралары қолданылды: қызметтің басталғаны туралы хабарлама болмағандықтан нысанның жұмысына тыйым салынды, сондай-ақ қызметкерлердің міндетті медициналық тексеруден өтпегендіктен жұмыстан уақытша шеттетілді. Сонымен қатар анықталған бұзушылықтар бойынша кәсіпкерлік субъектісі ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігі бойынша айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — делінген хабарламада.
Кәсіпкерге анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.


