Жамбыл облысында құрдастарынан қатты соққы жеп, комаға түскен 14 жасар жасөспірім облыс орталығы — Таразға жеткізілді. Ол облыстық көпбейінді балалар ауруханасында емделіп жатыр. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Облыс дәрігерлерінің айтуынша, зардап шеккен баланың жағдайында оң динамика байқалады. Алайда орталық жүйке жүйесінің зақымдануы мен бастан өткерген комаға байланысты дәрігерлер нақты болжам айта алмайды.

«Баланың гемодинамикасы тұрақталды. Бала өкпені жасанды желдету аппаратынан алынды, өз бетімен тыныс алып отыр. Бірақ орталық жүйке жүйесінің зақымдануына байланысты жағдайы әлі де өте ауыр. Одан әрі күтім мен бақылауды қажет етеді», — деді аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Әсел Шорманова.

Бұған дейін Жамбыл облысында жасөспірімнің құрдасымен болған жанжалдан кейін ауруханаға жатқызылғаны белгілі болған. Полиция оқиғаға қатысқандардың барлығы ұсталғанын хабарлады. Сол кезде жасөспірімнің ауруханада жатқаны айтылған. Кейін зардап шеккен баланың соққыдан кейін комаға түскені туралы ақпарат пайда болды.