Астананың ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты трансұлттық ұйымдасқан топтың ісі бойынша айыптау үкімін шығарды: 24 адамның әрқайсысы сегіз жылдан бас бостандығынан айырылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Бұл туралы сотта айыптауды қолдаған Қарағанды облысының прокуратурасы хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Сот анықтағандай, топ мүшелерінің рөлдері нақты бөлінген, ал олардың әрекеттерін ұйымдастырушылар үйлестіріп отырған. Сотталушылардың көбі Қазақстанға Ресейден келген. Кейбіреулері ұйымдастырушылардың нұсқауымен жабдық алу үшін Ресейге барған.

Орындаушыларды негізінен Telegram арқылы іздеген. Оларға белгілі бір қалаға барып, тұрғын үй жалдау, SIM-box құрылғысын алып немесе жеткізіп, оны интернетке қосу, қазақстандық операторлардың SIM-карталарын орнату және жабдықтың жұмысын қамтамасыз ету тапсырылған. Осы үшін тәулігіне 50-ден 100 долларға дейін төленген.

SIM-box-қа қосылған нөмірлер арқылы азаматтарға алаяқтық қоңыраулар келген. Қоңырау шалушылар өздерін мемлекеттік органдардың, банктердің, «Қазпоштаның» және басқа да ұйымдардың қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар растау кодтарын алып, адамдарды несие рәсімдеуге және ақша аударуға көндірген.

Прокуратура негізгі дәлелдердің бірі ретінде сотталғандардың телефондарынан табылған Telegram хат-хабарларын атады. Хабарламаларда жабдықты орнату және оған қызмет көрсету, SIM-карталарды ауыстыру, тапсырмаларды орындау және үйлестірушілерге есеп жіберу жөніндегі нұсқаулықтар болған. Сотталушылар кінәларын жоққа шығарды, алайда сот ұсынылған дәлелдерді айыптау үкімін шығаруға жеткілікті деп таныды.

Бұған дейін «Курсив» алаяқтардың қазақстандықтардың ақшасын ұрлау үшін заманауи технологиялар мен жасанды интеллектіні жиі қолданып жүргенін жазған. Астана прокуратурасы басқармасының прокуроры Талант Калиев қылмыскерлер SMS-кодтар мен банк карталарының деректерін алдап алуы, жалған сайттарға сілтемелер жіберуі, сондай-ақ туыстарының дауыстарын имитациялауы мүмкін екенін ескерткен. Қазақстандықтарға бөгде адамдарға растау кодтарын, құпиясөздер мен карта деректерін айтпауға, қашықтан қатынау қосымшаларын орнатпауға және күдікті қоңырауларды ресми арналар арқылы тексеруге кеңес берілген.