Қазақстан астанасында вандализм оқиғалары жиілеп, азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылуда. Жыл басынан бері бөтен мүлікті қасақана бүлдіргені үшін 94 адам жауапкершілікке тартылды, оның 67-сі қамауға алынса, 27-сі жалпы сомасы 5 миллион теңгеден астам айыппұл төледі, деп хабарлайды infohub.kz.

Астана прокуратурасы нақты мысалдар келтірді. Мәселен, 4 маусымда ер адам мас күйінде полиция бөлімшесінің кіреберіс есігінің әйнегін сындырып, 90 мың теңге шығын келтірген. Осы үшін ол 10 тәулікке қамауға алынды.

Тағы бір жағдайда қаланың 38 жастағы тұрғыны Шейх Кунта Қажы мешітінің ілулі тұрған белгілерін жұлып алып, жыртып, тастап кеткен. Ол 15 тәулікке қамауға алынды.

20 мамырда 20 жастағы астаналық шлагбаумды қасақана бүлдірген. Оған 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, бұл 216 мың теңгені құрайды.

Прокуратура мұндай әрекеттер үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 147-1-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылғанын еске салады: 30 тәулікке дейін қамау немесе 60 АЕК (259 мың теңге) мөлшерінде айыппұл. Ведомство азаматтарды қоғамдық тәртіпті және бөтен мүлікті құрметтеуге шақырады.