Атырауда сот Toyota Alphard көлігінің жүргізушісін төрт жасар баланы қағып кеткені үшін бір жылға бас бостандығынан айыруға соттады, алайда амнистия бойынша оны жазасын өтеуден босатты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жол-көлік оқиғасы 4 мамыр күні кешке Авангард-2 шағын ауданындағы №3 үйдің ауласында болған. Минивэннің астына велосипедпен келе жатқан бала ілінген. Соққы салдарынан бала ауыр жарақат алып, бір айға жуық комада жатқан. Әкесінің айтуынша, бала есін жиғанмен, әлі күнге дейін емделіп, оңалтудан өтуде. Ол көру қабілетінен айырылған, қолын толық қимылдата алмайды және тағы да ота жасату қажет.

Жүргізуші кінәсін толық мойындады. Оның түсіндіруінше, ол аулаға кіріп келе жатқанда бала кенеттен көліктің алдына шығып кеткен. Оқиғадан кейін ол баланың ата-анасымен бірге зардап шеккен баланы балалар ауруханасына жеткізген. Алайда автотехникалық сараптама жол-көлік оқиғасын болдырмауға болатынын анықтады. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, уақытылы шұғыл тежеу жасалғанда «Тойота» бала пайда болған жерге дейін тоқтап үлгерер еді.

Сот жүргізушіні жол жүрісі ережелерін бұзып, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп таныды. Ер адамға бір жыл бас бостандығынан айыру, үш жылға жүргізуші куәлігінен айыру және баланың әкесіне 10 миллион теңге моральдық өтемақы төлеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, сотталушы Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған амнистия бойынша жазадан босатылды. Алайда жүргізуші куәлігінен айыру және зардап шеккен тарапқа өтемақы төлеу міндеті күшінде қалды.

Бұған дейін Көкшетауда жаяу жүргіншіні қағып өлтірген әйелге 2,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесіліп, оны өтеу мерзімі кейінге шегерілгені хабарланған.