Атырау мұнай өңдеу зауытының (АМӨЗ) бас директоры болып Мұратжан Мұсайбеков тағайындалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Мұсайбеков Мұратжан Жүнісбекұлын «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС (АМӨЗ ЖШС) қатысушыларының кезектен тыс жалпы жиналысында бас директор (басқарма төрағасы) лауазымына тағайындау туралы шешім қабылданды.

Жаңа басшыны ұжымға «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әсет Мағауов таныстырды. Мұсайбеков әр жылдары «ҚазМұнайГаз» АҚ жүйесінде әртүрлі қызметтер атқарған. Ол КМГ-ның мұнай-газ өңдеу және мұнай-химия жобаларын іске асыру жөніндегі директоры, мұнай өңдеу жөніндегі басқарушы директоры, «ҚазМұнайГаз – өңдеу және маркетинг» АҚ бас директорының орынбасары, «KPI Inc.» ЖШС басқарма төрағасының бірінші орынбасары, сондай-ақ басқа да мемлекеттік және жеке құрылымдарда қызмет еткен.

КМГ басшылығы АМӨЗ алдына операциялық тиімділікті арттыру, ашық түсті мұнай өнімдерінің шығымдылығын ұлғайту, өндірістік процестердің сенімділігі мен энергия тиімділігін арттыру, экологиялық жобаларды одан әрі іске асыру, сондай-ақ жұмысшыларға қолайлы және қауіпсіз жағдай жасау бойынша нақты міндеттер қойды. Зауыттың тұрақты және үздіксіз жұмысының маңыздылығы атап өтілді.

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС қатысушыларының кезектен тыс жалпы жиналысының шешімімен бұрынғы бас директор (басқарма төрағасы) Бишимов Қуаныш Ердәулетұлының өкілеттігі тоқтатылды.