Атырауда Нұрсая шағын ауданының оқушылары көшеден ішінде 300 мың теңгеге жуық ақшасы бар әмиян тауып, оны патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне өткізді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

ҚР ІІМ-нің Telegram-арнасында атап өтілгендей, адалдық — бала бойына сіңірілген тәрбиенің ең көркем көріністерінің бірі. Мұны Нұрсая шағын ауданының оқушылары іс жүзінде дәлелдеді.

Шағын ауданды патрульдеу кезінде тәртіп сақшыларына бір топ оқушы келіп, көшеден ішінде 300 мың теңгеге жуық ақшасы бар әмиян тапқандарын айтты. Балалар табылған ақшаны заңды иесіне қайтару үшін полицияға жүгінді.

Полицейлер әмиянның иесін жедел анықтап, жоғалған ақшаны оған тапсырды.

«Адалдық жасқа байланысты емес. Кішкентай жүректерде жаралған үлкен ізгі істер қоғамды мейірімге бөлейді. Адалдықты бәрінен биік қоятын жас ұрпақтың әрбір лайықты қадамы — ел болашағына деген сенімнің жарқын дәлелі», — деп қосты полицияда.