Суық түскен сайын көліктердің өртену қаупі айтарлықтай артады. Бұл туралы қазақстандықтарға Төтенше жағдайлар министрлігі еске салды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

ТЖМ баспасөз қызметінің түсіндіруінше, көліктің өртенуіне төмен температура, электр сымдарының ақауы, отынның ағуы және жылыту құрылғыларын дұрыс пайдаланбау себеп болуы мүмкін.

«Төмен температура, электр сымдарының ақауы, отынның ағуы және жылыту құрылғыларын дұрыс пайдаланбау көліктің өртенуіне себеп болуы мүмкін. Өрттен сақтану үшін көліктің техникалық жай-күйін үнемі тексеріп, әсіресе электр сымдарының, отын жүйесінің және газ жабдығының жарамдылығына баса назар аудару қажет. Қозғалтқышты ашық жалынмен жылытуға, өз қолыңмен жасалған жылыту құрылғыларын пайдалануға, сондай-ақ көліктің электр жүйесіне шамадан тыс жүктеме түсіруге жол берілмейді», — деп еске салды ведомство жүргізушілерге.

Құтқарушылар әр жүргізушінің көлігінде жарамды өрт сөндіргіш болуы және оны қолдану ережелерін білуі тиіс екенін қосты.

«Күйік иісі шықса, түтін байқалса немесе өртену белгілері пайда болса, көлікті дереу тоқтатып, қозғалтқышты өшіріп, жолаушылармен бірге көліктен шығып, қауіпсіз қашықтыққа жылжу қажет. Болған жайт туралы 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарлау керек», — деп атап өтті ТЖМ-де.