Атырау облысының үш тұрғынына полиция қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жаза қатаңдатылды. Бұл туралы іс кассациялық сатыда қаралғаннан кейін белгілі болды, деп хабарлайды infohub.kz.

Бас прокуратураның ресми Telegram-арнасында хабарлауынша, бұған дейін Қызылқоға аудандық соты полиция қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін аймақтың екі тұрғынын 4 жыл бас бостандығын шектеуге, тағы біреуін 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеуге соттаған.

Тергеу деректері бойынша, Мақат ауданында ер адамдар тобы масаң күйде шақырту бойынша келген полиция қызметкерлеріне белсенді қарсылық көрсеткен. Оқиға барысында құқық бұзушылар өкілдерге аяқпен соққы жасаған, сондай-ақ қару ретінде ағаш таяқ пен тасты қолданған. Нәтижесінде полиция қызметкерлерінің бірі орташа ауырлықтағы дене жарақатын алған.

Кейін кассациялық алқа Бас прокурордың орынбасарының наразылығын қарап, тағайындалған бас бостандығын шектеу жазасы әділетсіз және жасалған қылмыстың ауырлығына сәйкес келмейді деген қорытындыға келді. Кассациялық сот сотталғандардың әрекеттері қоғамға жоғары қауіп төндіретінін, өйткені олар қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, қызметтік міндетін атқарып жүрген полицейдің денсаулығына зиян келтіргенін атап өтті.

Осыған байланысты сот актілері өзгертілді. Екі азаматқа 4 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, үшіншісіне — 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру. Сотталғандар сот залында күзетке алынды.