Атырауда өтіп бара жатқандар полиция қызметкерінің 19 жастағы жігітті бөлімшеге жеткізуіне кедергі жасап, мұны ұрлау деп ойлаған. Оқиға сенбі күні кешке қала орталығындағы алаңда болған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Әлеуметтік желілерде куәгерлер түсірген видео тарады. Кадрларда белгісіз ер адам қара түсті көлікке жас жігітті күшпен отырғызып жатқаны көрінеді. Куәгерлердің айтуынша, жігіт «көмектесіңдер» деп айғайлап, қарсылық көрсеткен.
Атырау облысы полиция департаментінде оқиғаның өз нұсқасын айтты: «ұрлаушы» шын мәнінде полиция қызметкері, ал 19 жастағы азамат ұрлыққа қатысы бар деп күдіктеледі. «Бұған дейін күдікті құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, оның Атырау қаласында тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз тұрғаны анықталды. Оны жеткізу кезінде кейбір азаматтар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамай, олардың қызметтік міндеттерін атқаруына кедергі жасады», — деп хабарлады департаментте.
Ведомство видеожазбада полиция қызметкерлері тарапынан ешқандай бұзушылық көрмегенін де мәлімдеді. Алайда оқиғаға қатысқан әрбір адамның әрекетіне тексеруден кейін баға берілетінін уәде етті. Полиция тұрғындарды асығыс қорытынды жасамауға және тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды, ал ведомствоның әлеуметтік желілерінде күдіктіге ұқсас жас жігіттің подъезд жанында тұрған велосипедті ұрлап жатқан видеосы жарияланды.
Бұған дейін «Курсив» Түркістан облысында полиция қызметкерлері қалыңдық ұрлау әрекетінің алдын алғанын жазған болатын.


