Атырауда қалалық сот мемлекеттік мекемеден қуылған әйелдің жұмыстан шығарылуын заңсыз деп таныды. Жұмыс беруші еңбек шартын бұзуға «дауысы дұрыс қойылмаған және музыкалық білімі төмен» деген ескертулерді негіз еткен. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Атырау облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, Атырау қалалық соты әйелдің мемлекеттік мекемеге қарсы талап арызы бойынша азаматтық істі қарады. Талап қоюшы еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты заңсыз деп тануды, бұрынғы қызметіне қайта орналастыруды және мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін жалақы өндіріп алуды сұраған.

Еңбек шартына сәйкес талап қоюшы мемлекеттік мекемеге аккомпаниатор қызметіне жұмысқа қабылданған. 2025 жылғы 28 тамызда хаттамамен рәсімделген шешім бойынша ол іріктеуден өтпей қалған: негіз ретінде дауысы дұрыс қойылмағаны және музыкалық білімінің төмендігі туралы ескертулер алынған.

Осы шешімнің негізінде жұмыс берушінің бұйрығымен талап қоюшымен еңбек шарты Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 6-тармақшасына және 49-бабы 1-тармағының 3-тармақшасына сілтеме жасай отырып бұзылған.

Жұмыстан шығарылумен келіспей, әйел сотқа жүгініп, еңбек шартын бұзу туралы бұйрық еңбек заңнамасының талаптарын бұза отырып шығарылғанын көрсеткен. Осыған байланысты ол бұйрықты заңсыз деп тануды, бұрынғы қызметіне қайта орналастыруды және мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін орташа жалақы өндіріп алуды сұраған.

Істі қарау барысында сот талап қоюшының біліктілігінің жеткіліксіздігі салдарынан атқарып отырған қызметіне сәйкес келмеуі аттестаттау нәтижелерімен расталмағанын анықтады. Сот жұмыс беруші еңбек заңнамасының нормаларын дұрыс қолданбаған деген қорытындыға келді.

Атап айтқанда, қызметкердің біліктілігінің жеткіліксіздігі салдарынан атқарып отырған қызметіне сәйкес келмеуіне байланысты жұмыстан шығаруға негіз болған жағдайда Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 4-тармақшасын қолдану қажет еді. Бұл норма қызметкердің атқарып отырған қызметіне немесе орындап отырған жұмысына біліктілігінің жеткіліксіздігі салдарынан сәйкес келмеуі аттестаттау нәтижелерімен расталған жағдайда, жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзу мүмкіндігін көздейді.

Заңда көзделген жұмыстан шығару негізі тиісті дәлелдермен расталмағандықтан, сот жұмыс берушінің әрекеттерін заңсыз деп таныды.

Істі қарау қорытындысы бойынша талап қою толық көлемде қанағаттандырылды: еңбек шартын бұзу туралы бұйрық заңсыз деп танылып, күші жойылды, талап қоюшы бұрынғы қызметіне қайта орналастырылды, жұмыс берушіден мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін жалақы өндіріп алынды. Сот шешімі заңды күшіне енді.