Атырауда «Астрахань – Маңғыстау» магистральдық су құбырын қайта жаңарту кезінде аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін сот үкім шығарды. Бес айыпталушы кінәлі деп танылды, деп хабарлайды infohub.kz.
Атырау қаласының №2 соты анықтағандай, схемаға «КазТрансОйл» компаниясының «Магистральдық су құбыры» еншілес кәсіпорнының бұрынғы басшысы, оның орынбасары, мердігер құрылыс ұйымының өкілдері және жобалық фирманың құрылтайшысы қатысқан.
Анықталғандай, айыпталушылардың бірі қызметтік жағдайын пайдаланып, мердігерді іс жүзінде бақылай отырып, басқа қатысушылармен бірге су құбырын қайта жаңарту жобасын заңсыз түзеткен, атап айтқанда құбыр түрін өзгерткен. Бұл ретте жобалық-сметалық құжаттамада материалдардың құны асыра көрсетілген, ал іс жүзінде құбырлар әлдеқайда арзанға сатып алынған. Осылайша, инфрақұрылымдық жобаға бөлінген қаражат заңсыз шығарылған.
Сотталушылар кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады. Алайда сот олардың кінәсін куәгерлердің айғақтарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарымен, хат-хабарлармен, сондай-ақ мамандар мен сарапшылардың қорытындыларымен дәлелденді деп санады.
Сот үкімімен айыпталушылар: С. ҚК 28-бабы 3-бөлігі, 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша – 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруға; К. ҚК 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша – 6 жылға бас бостандығынан айыруға; М., И. ҚК 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша – 6 жылға бас бостандығынан айыруға; А. ҚК 28-бабы 5-бөлігі, 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша – 5 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды. Оларға әртүрлі мерзімге басшылық лауазымдарды атқаруға және мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Бас прокуратура су құбырын қайта жаңартудың жалпы құны 17 млрд теңгеден асқанын хабарлаған. Тергеу аясында айыпталушылардың мүлкі тексерілді: шамамен 1,1 млрд теңгеге активтер анықталды, оның бір бөлігін сот мемлекет кірісіне тәркіледі. Сот мемлекетке 6,4 млрд теңге көлеміндегі залалды өтеу туралы талапты қанағаттандырды. 12 млн теңгеге қосымша талап қанағаттандырылмай қалды, өйткені залалдың бұл бөлігі дәлелденбеген.


