Атырау қалалық әкімдігіне қарасты Томарлы ауылында отбасылық жанжал пышақтаумен аяқталды. 56 жастағы ер адам ұлының денсаулығына ауыр зиян келтірді деген айыппен сот алдына келді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Іс құжаттарына сәйкес, 11 сәуір күні кешке әке мен бала бірге алкоголь ішіп, кейін олардың арасында жанжал шыққан. Тергеу нұсқасы бойынша, ұлы ұйықтап жатқан әкесіне алдымен өзі шабуыл жасап, оны тұншықтыра бастаған. Ер адам босанып шығып, ас үйден пышақ алып, ұлына бірнеше рет соққы жасаған.
Сот-медициналық сараптама жәбірленушінің ішіне бір, арқасына бес пышақ жарақатын алғанын, бауыр, ішек және қабырғалары зақымданғанын анықтады. Бұл жарақаттар денсаулыққа ауыр зиян ретінде бағаланды.
Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындап, оқиғадан кейін ұлымен татуласқанын айтып, оны бас бостандығынан айырмауды сұрады. Жәбірленуші жанжалды алғашқы болып бастағанын растап, әкесіне жеңіл жаза тағайындауды өтінді.
Үкім шығару кезінде сот айыпталушының өкінуін, тараптардың татуласуын және жанжалға жәбірленушінің заңсыз әрекеттері себеп болғанын ескерді. Ауырлататын мән-жай ретінде алкогольдік масаң күй танылды.
Нәтижесінде ер адам үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына шартты түрде, пробациялық бақылаумен сотталды. Үкім жарияланғаннан кейін ол сот залынан босатылды.


