«Қазгидромет» РМК мамандары Қазақстанның бірнеше қаласының тұрғындарын 28 тамыз, жұма күні қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) туралы ескертті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Синоптиктердің мәліметінше, ҚМЖ Алматы, Ақтөбе, Балқаш қалаларында, ал түнде Атырау, Қарағанды және Теміртауда күтіледі.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар — бұл атмосфераның жер бетіне жақын қабатында зиянды (ластаушы) заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың (тымық, әлсіз жел, тұман, инверсия) жиынтығы.
ҚМЖ пайда болған кезде елді мекендерде атмосфералық ауа сапасының нашарлауы мүмкін, бұл адам денсаулығына әсер етеді.
Ластану деңгейінің қалыптасуын анықтайтын маңызды факторлардың бірі — синоптикалық жағдайдың (жел, жауын-шашын, ылғалдылық, ауа температурасы) болжамы.
Бұған дейін «Курсив» синоптиктердің 28 тамыз, жұма күніне дауылды ескерту таратқанын жазған болатын.
«Қазгидромет» болжамы бойынша, 28 тамызда Қазақстан аумағының басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Сонымен қатар, елдің солтүстік-батысында, солтүстігінде және солтүстік-шығысында найзағаймен жаңбыр жауады. Солтүстікте түнде қатты жаңбыр, кейбір аудандарда бұршақ жаууы мүмкін.
Республика бойынша желдің күшеюі болжанады. Оңтүстікте шаңды дауыл мүмкін. Солтүстікте, шығыста және ел орталығында түнде және таңертең тұман күтіледі.


