Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 44 минут бұрын)
Ауыл жолдарын асфальтсіз салуды ұсынды: цемент пен қиыршық тасқа көшу мәселесі көтерілді

Қазақстан ауылдарындағы жолдарды асфальтсыз, яғни цемент, топырақ, құм және қиыршық тас сияқты жергілікті материалдарды пайдаланып салу туралы ұсыныс жасалды. Бұл бастаманы Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова көтерді.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутаттың айтуынша, елімізде республикалық маңызы бар тас жолдарға басымдық берілгенімен, шағын ауылдар мен шаруа қожалықтарына апаратын жолдар әлі де күрделі мәселе болып қалуда. Ол бюджет мүмкіндіктеріне қарамастан, барлық ауыл жолдарын дәстүрлі әдіспен асфальттау мүмкін еместігін және экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін атап өтті.

Жергілікті материалдардың артықшылығы

Ирина Смирнованың пікірінше, қазіргі таңда тек екі таңдау бар: не қымбат әрі ұзақ уақытты алатын құрылыс, не мүлдем жол салмау. Алайда, Қазақстан үшін бұдан да қолжетімді балама бар екенін айтты. Ол – жергілікті материалдардан цементпен нығайтылған жолдар.

Депутат бұл жолдардың асфальт жолдарға қарағанда 6-8 есе арзанға түсетінін, құрылысы тез жүретінін және температураның ауытқуы мен ауыл шаруашылығы техникасының ауыр жүгіне төзімдірек болатынын айтты.

Халықаралық тәжірибе

Ирина Смирнова АҚШ, Германия және Қытай сияқты елдерде мұндай технологиялардың ауылдық және дала жолдарында кеңінен қолданылып жүргенін мысалға келтірді.

Ұсыныстар

Осыған байланысты, депутат қолданыстағы құрылыс нормаларын қайта қарауды, цемент пен жергілікті материалдардан жасалған ауыл жолдарына арналған үлгілік жобаларды әзірлеуді және еліміздің бірнеше өңірінде пилоттық жобаларды іске қосуды ұсынды.

«Құрылыстың арзан әрі технологиялық әдістеріне көшу – бұл мәжбүрлі арзандату емес, аумағы кең елдің саналы инженерлік таңдауы», - деп атап өтті ол.

Бұдан бөлек, Ирина Смирнова болашақта «Ауыл жолдары» атты жеке бағдарлама құруды ұсынды. Бұл бағдарлама тек салынған километрдің сандық көрсеткішіне емес, әрбір ауылдың көлікпен қамтамасыз етілуіне бағытталуы тиіс.

Жаңалықтар

Жарнама