Аустралияның Виктория штатында тұратын азамат бірнеше жыл бойы тапқан тасын жарып, ішінен алтын табуға тырысқан. Алайда ол тас әлдеқайда қымбат болып шықты: бұл — жасы 4,6 миллиард жылға жететін сирек метеорит, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

2015 жылы Дэвид Хоул Виктория штатының орталық бөлігіндегі Мэриборо өңірлік саябағында металл іздегішпен алтын іздеп жүріп, сары балшықтан ерекше ауыр, қызғылт түсті тас тауып алды. Ол тастың ішінде алтын кесегі бар деп сенімді болды — өйткені саябақ XIX ғасырдағы алтын қызуы болған аймақта орналасқан. Ол тасты үйіне алып келіп, бірнеше жыл бойы оны жаруға тырысты.

Хоул тасқа ара, бұрыштық тегістеуіш, бұрғы қолданып, оны қышқылмен құйып, балғамен ұрды. Бірақ таста тіпті жарық та пайда бола қоймады.

Ақырында ол жарылмайтын тасты Мельбурн мұражайына апарды. Мұражай геологы Дермот Генри мен құрметті куратор Билл Берч бұл жер қыртысының жынысы емес, салмағы 17 килограмм сирек метеорит екенін анықтады. Оған жақын маңдағы қаланың құрметіне Мэриборо деген атау берілді. Генридің айтуынша, 37 жылдық еңбегінде ол адамдар ғарыш денесі деп қабылдаған мыңдаған тасты қарап шыққан, бірақ олардың тек екеуі ғана шынымен метеорит болып шыққан.

Ғалымдар алмаз арамен шағын үзінді кесіп алып, жасы 4,6 миллиард жыл метеориттің темірге бай, құрамында силикат минералдарының ұсақ кристалданған тамшылары — хондралар бар H5 типті қарапайым хондриттерге жататынын анықтады. Мамандардың бағалауынша, ол Марс пен Юпитер арасындағы астероид белдеуінен ұшып келіп, Жерге мың жылдан аз уақыт бұрын құлаған.

Ғылым үшін бұл табыс алтыннан әлдеқайда қымбат болды: ол Виктория штатында тіркелген небәрі 17-ші метеорит және 2003 жылы табылған 55 килограммдық үлгіден кейінгі өңірдегі екінші ірі хондрит.