Әлем тұрғындарының 10 пайыздан астамы интернетті проблемалық пайдалануға тап болуы мүмкін. Алайда оның себебі ерік-жігердің жетіспеуінде емес, цифрлық платформалардың құрылымында жатыр. Осындай тұжырымға The Lancet Psychiatry журналының халықаралық комиссиясындағы психиатрлар мен психологтар интернетке тәуелділіктің ауқымын бағалау үшін жүргізілген зерттеулерді талдай отырып келді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Мамандардың назарына ойын және құмарлық бұзылыстары, онлайн-шопингке шамадан тыс әуестену, әлеуметтік желілерде тым көп отыру, сондай-ақ киберхондрия — адамның интернеттен ауру белгілерін үрейлене іздеуі түсті. 16 мен 24 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар әлеуметтік желілерде күніне орта есеппен 3,5 сағат өткізеді. Бұл мәселе табысы төмен және орташа елдерде бай мемлекеттерге қарағанда жиі кездеседі.
Флиндерс университетінің аға ғылыми қызметкері Андреа Чаконың айтуынша, көптеген сервистер пайдаланушының назарын ұстап қалу үшін әдейі осылай жобаланған. Шексіз лента, бейненің өздігінен қосылуы, жеке ұсыныстар мен күтпеген марапаттар телефонды уақытында қоюға кедергі жасайды. Баяндама авторлары жасанды интеллектке негізделген чат-боттардың дамуына да алаңдаушылық білдірді, өйткені олардың жастарға әсері әлі жете зерттелмеген.
Сарапшылар мектептерде смартфонға тыйым салу немесе бейнеойындарға қатаң шектеу қою көбіне күтілетін нәтиже бермейтінін атап өтті. Оның орнына үкіметтерге технологиялық компанияларды қауіпсіз дизайнды енгізуге, балалар үшін назарды ұстап қалу функцияларын шектеуге және пайдаланушыларды ұйқы мен психикаға төнетін қауіптер туралы ескертуге міндеттеу ұсынылды.


