Қазақстанда автолизинг шарттары бойынша сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің шекті мөлшері белгіленді: ең жоғары көрсеткіш көлік құнына байланысты және жылына 46%-ға жетуі мүмкін, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Тиісті параметрлер Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бұйрығымен бекітілген. Жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасы елде 2025 жылдың соңында іске қосылған болатын, енді көліктерді лизингке беретін компаниялар белгілей алатын шекті пайыздық мөлшерлемелер белгілі болды.

Бұйрыққа сәйкес, сыйақының шекті жылдық тиімді мөлшерлемесі көлік құнына қарай сараланған. Құны 20 млн теңгеден аспайтын көліктер үшін ол жылына 36%-дан аспауы тиіс. Құны 20 млн теңгеден жоғары автомобильдер үшін шектеу жылына 46% құрайды. Ал егер лизинг беруші банк болса, шекті мөлшерлеме жылына 35%-бен шектелген.

Сыйақы мөлшерлемесінен бөлек, клиент үшін қорытынды сомаға өтінімді қарау комиссиясы мен бастапқы аванстық төлем кіреді. Сонымен қатар, автомобильге қызмет көрсету және өзге де ықтимал шығыстар толығымен клиентке жүктеледі. Шарт талаптарын бұзғаны үшін айыппұл қарастырылған.

Автолизинг механизмі былайша жұмыс істейді: компания автомобиль сатып алып, оны клиентке уақытша пайдалануға береді, азамат көлік үшін белгілі бір мерзім ішінде төлем жасайды, ал шарт аяқталғанда автокөлік иесінің екі нұсқасы бар — көлікті лизинг берушіге қайтару немесе қалдық құны бойынша сатып алу.

Бастапқыда бұл механизм автокредиттерге тиімді балама болады деп күтілген. Алайда автолизинг халық арасында танымал болмады: көптеген азаматтар үшін ол қалта көтеретін шаруа емес.