2026 жылғы Азия ойындарына қатысатын Қазақстан әйелдер бокс құрамасының түпкілікті құрамы белгілі болды. Барлық спортшылардың жағдайы тамаша, жарақаттары жоқ, ал бапкерлер штабы команданың сәтті өнер көрсетуіне үлкен үміт артып отыр, деп хабарлайды infohub.kz.
Құраманың бас бапкері Елдос Сайдалин Ұлттық олимпиадалық комитетке берген сұхбатында құрлықтық біріншілікте ел намысын қорғайтын спортшы қыздардың есімдерін атады. 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Алуа Балкибекова, 54 келіге дейін — Назым Қызайбай, 60 келіге дейін — Виктория Графеева, 65 келіге дейін — Аида Абикеева, ал 75 келіге дейін — Наталья Богданова өнер көрсетеді.
«Қатысушылар тізімін жасау кезінде өткен жылғы әлем чемпионатының нәтижелері, сондай-ақ биылғы маусымдағы әлем кубогы кезеңдерінің қорытындылары ескерілді», — деді Сайдалин.
Маман әйелдер боксы Азияда қарқынды дамып келе жатқанын, ал қазақстандық команданың басты бәсекелестері қатарында Үндістан мен Қытай құрамаларын атады.
«Қазір біздің команда АҚШ-та оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. 4 тамызда Қазақстанға қайтамыз. Одан кейін спортшылар жеке бағдарлама бойынша дайындалып, аздап демалып алады. Келесі жиын 16 тамызда басталады. Оған Ресей мен АҚШ құрамалары қатысады. Ал 9 қыркүйекте Жапонияға аттанамыз, онда дайындықтың қорытынды кезеңі өтеді. Бейімделуден өтіп, ойындарға дайындаламыз», — деді бапкер.
Оның айтуынша, қазақстандық спортшы қыздардың көңіл күйі жақсы, жарақаттары жоқ. Команда Азиада-2026-да сәтті өнер көрсетуге сенімді.


