Алматыда Қайрат Сатыбалдыұлының ұлына тиесілі «Байсат» базары сатылды. Сауда-саттық бірнеше сәтсіз әрекеттен кейін сәтті өтіп, мәміле сомасы 24 772 753 285 теңгені құрады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Электрондық сауда алаңының деректеріне сәйкес, аукцион бүгін, 7 тамызда, сағат 12:00-де өтті. Саудаға «Көтерме және бөлшек сауда орталығы» ЖШС-нің 100% жарғылық үлесі қойылды. Бастапқы баға сатудың соңғы құнымен сәйкес келді.

Жобаның сипаттамасында кәсіпорын қызметкерлерінің орташа жылдық саны 64 адамды құрайтыны көрсетілген. Сатушы ретінде Қайтарылған активтерді басқару компаниясы шықты. Сатып алушының аты-жөні ашылмайды.

Айта кету керек, «Байсат» бірінші рет сатылып отырған жоқ. Бұған дейін нысан желтоқсан айында қайталама саудаға шығарылған болатын, ол кезде бағасы 26 706 317 643 теңге болған. Одан да ертерек құны 28 млрд теңгеге жеткен.

Сондай-ақ, сатып алушылар болмаған жағдайда базар қаланың коммуналдық меншігіне берілуі мүмкін екендігі хабарланған болатын. Еске салайық, сотқа дейінгі тергеу аясында Қайрат Сатыбалдыұлы «Байсат» базарының үлкен бөлігін өз еркімен қайтарған, ал оның ұлына тиесілі бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылған еді. Бұл туралы бұған дейін Алматы прокуратурасы хабарлаған.