Көкшетауда сергек жасөспірімдер полиция қызметкерлеріне ықтимал ауыр зардаптардың алдын алуға көмектесті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Оқиға 4 тамызда сағат 19:00 шамасында болды. «102» арнасына қаладағы қоғамдық орындардың бірінде белгісіз ер адамның агрессивті әрекет етіп, қоғамдық тәртіпті бұзғаны туралы хабарлама түсті. Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қоңырауға жақын маңдағы патрульдік полиция экипажы дереу шыққан.

Оқиға орнына келген қызметкерлер қоңырау шалғандардың жасөспірімдер екенін анықтады. Олар болған оқиғаға немқұрайлы қарамай, полицейлерге тәртіп бұзушыны көрсетіп, ер адамның қатты масаң күйде болғанын, агрессия танытып, тіпті серігіне қол көтергенін айтты.

Ұстау кезінде ер адам бағынбаушылық танытты: қатты балағаттап, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына жауап бермеді және медициналық куәландырудан өтуден бас тартты. Оған қатысты құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін әкімшілік іс қозғалды. Медициналық куәландыру қорытындысы бойынша орташа дәрежедегі масаң күйде болған оның серігі қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Уақытша ұстау изоляторына жеткізілгеннен кейін ұсталған адам құқыққа қарсы әрекетін жалғастырып, ИУ-дағы раковинаны сындырды. Мүлікке зақым келтіргені үшін ол ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, сот ер адамға қатысты билік өкілін қорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғау туралы шешім қабылдады. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында отыр.

Кейін белгілі болғандай, сол күні ер адам мен әйел ресми түрде некелерін тіркеген. Рәсімнен кейін жұбайлар бұл оқиғаны атап өтуді ұйғарған, алайда алкогольді ішімдік ішу жанжалға әкеліп, полицияның араласуымен аяқталған.

Ақмола облысының ПД баспасөз қызметі балалардың уақтылы қоңырауы құқыққа қарсы әрекеттерді жедел тоқтатуға және, мүмкін, ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Сондай-ақ, ұсталған адамның бұрын жасаған қылмысы үшін бас бостандығынан айыру орындарынан жақында босағаны анықталды.