«Компас и КО» компаниясы Қарағанды облысындағы Балқаш қаласының жерінде орналасқан Қызылболат учаскесінде шашылма алтын мен басқа да құнды металдарды геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алтыннан бөлек, учаскеде күміс пен платинаны да іздеу көзделген. Аумақ жалпы көлемі 28,3 шаршы шақырым болатын 12 блокты қамтиды. Компания құнды металдардың қорын «Алтыналмастың» жұмыс істеп тұрған кен орындарының маңынан табуды көздеп отыр.
Жұмыстарды 2027 жылдың сәуірінен қазанына дейін және 2028 жылдың сәуірінен қазанына дейін қоса алғанда жүргізу жоспарлануда. Барлау барысында тереңдігі 5 метрге, ені 2 метрге дейінгі орлар қазылады. Сонымен қатар компания учаскенің түрлі бөліктерінде орташа тереңдігі 50 метр болатын 60 ұңғыма бұрғызуды ниет етіп отыр.
Барлау учаскесінің маңында «Алтыналмас» компаниясының Долинное және Пустынное кеніштері орналасқан. Учаскеге ең жақын елді мекен – батысқа қарай 40 км жердегі Ақжайлау ауылы.
«Компас и КО» компаниясы АХҚО алаңында 2026 жылдың ақпанында құрылған. Ол Гэ Цзянь мен Дулат Омаров иеленетін Economic and Environmental Cooperation Organization Ltd компаниясына тиесілі. Гэ Цзяньге төрт компания – «Азиатская компания натуральной еды», «Финансовая корпорация г. Астаны» және тағы бір өндіруші компания қарайды. Сондай-ақ ол тағы жеті заңды тұлғаны басқарады.
Бұған дейін «Жаңа Мыс» компаниясы Абай облысының Аягөз ауданындағы 50 блоктан тұратын учаскеде геологиялық барлау жұмыстарын бастайтыны хабарланған. Онда Solidcore Resources құрамына кіретін компания алтын мен мыс табуды үміт етіп отыр.


