Бангкоктың шығыс бөлігіндегі Bangchak Corp мұнай өңдеу зауытында болған жарылыс салдарынан тоғыз адам зардап шекті, оның үшеуі ауыр жағдайда жатыр. Оқиға 26 қарашада болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жарылыстан кейін нысан үстінен қалың қара түтін көтерілді, оның кадрларын куәгерлер таратты. Жергілікті билік тұрғындарды оқиға туралы ескертіп, қауіпті аймақтан аулақ болуға шақырды, жақын маңдағы үйлер уақытша эвакуацияланды.

Erawan қалалық жедел медициналық көмек орталығының дерегінше, зардап шеккендердің көбісі күйік алған, үшеуі ауыр жағдайда.

«Жарылыстан кейін мұнай зауытының үстінен қалың қара түтін көтерілді. Бангна ауданының әкімшілігі тұрғындарды жақын маңдағы аумақтан кетуге шақырды. Кейін эвакуация тоқтатылды, алайда адамдарды кәсіпорыннан бес шақырым радиуста ауаның ластануы мүмкін екендігі туралы ескертті», — делінген жарияланымда.

Таиланд энергетика министрі Аканат Промфан алдын ала мәлімет бойынша өрт өңдеу блоктарының бірінде басталғанын мәлімдеді. Ол бұл учаскенің мұнай қоймасынан шамамен 100 метр қашықтықта екенін нақтылады.

«Егер мұнай қоймасының қауіпсіздігіне 100 пайыз сенімді болмасақ, жұмысты қайта бастауға рұқсат бермейміз», — деді министр.

Ол сондай-ақ кәсіпорын аумағын аралап, одан әрі қауіп жоқтығына көз жеткізетінін хабарлады.

Оның айтуынша, апат Таиландтың мұнай өнімдерімен жабдықталуына әсер етпеуі керек: елде тағы бес мұнай өңдеу зауыты жұмыс істейді, ал зардап шеккен кәсіпорын ең ірілер қатарына жатпайды.

Айта кетейік, Bangchak тәулігіне 120 мың баррельге дейін мұнай өңдеуге қабілетті. 2012 жылдың шілдесінде кәсіпорында жарылыс пен өрт болып, көрші тұрғын ауданға зақым келген еді. Ол кезде жөндеу жұмыстары шамамен екі аптаға созылған.