«Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы, ҚТҮК) мен «Bank RBK» АҚ ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Келісім кешенді тұрғын құрылыс жобаларын шартты қаржыландыру тетігін дамытуға бағытталған. Bank RBK хабарлауынша, серіктестік отандық құрылысшылардың банктік кредитке жеңілдік шарттармен қол жеткізуін кеңейтіп, ауқымды тұрғын үй жобаларын, оның ішінде қала аумақтарын кешенді дамытуды жүзеге асыруға қосымша мүмкіндіктер жасайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Келісім аясында ҚТҮК қаражаты Bank RBK-ге шартты салым түрінде орналастырылып, одан кейін құрылысшыларды мақсатты кредиттеуге жұмсалады. ҚТҮК ұсынатын қаржыландырудың арқасында банк кешенді тұрғын құрылыс жобаларын белгіленген талаптарға сай жылына 12,6% жеңілдік мөлшерлемемен қаржыландыра алады.
Бұл құралды қолдану қарыз қаражатының құнын төмендетуге, құрылысшылардың қаржылық жүктемесін азайтуға және құрылыс жобаларының экономикалық тиімділігін арттыруға бағытталған. Қаржыландырудың басым бағыты — жекелеген тұрғын үйлерді емес, қажетті әлеуметтік, коммерциялық және инженерлік инфрақұрылымы бар толыққанды тұрғын кварталдар мен шағын аудандарды салуды көздейтін кешенді тұрғын құрылыс жобалары. Мұндай тәсіл халықтың тұруына, жұмыс істеуіне және дем алуына қолайлы жағдай жасайтын заманауи қалалық орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Кешенді құрылыс жобаларын жүзеге асыру тұрғын нысандарды, көлік және жаяу жүргіншілерге қолжетімділікті, қоғамдық кеңістіктерді, көгалдандыру мен аумақтарды абаттандыруды үйлестіре жоспарлауды көздейді. Бұл ретте жобалардың тұрғын үй құрылысының сапасын арттыруға және қала аумақтарын ұтымды дамытуға бағытталған кешенді тұрғын құрылыс талаптары мен стандарттарына сәйкестігіне ерекше мән беріледі.
Құрылысшылар үшін шартты қаржыландыру тетігі капиталды көп қажет ететін жобаларды жүзеге асыруға қолжетімді кредиттік ресурстар тартудың қосымша мүмкіндіктерін ашады. Екінші деңгейлі банктер үшін ҚТҮК-мен ынтымақтастық мақсатты қаржыландыру есебінен құрылыс секторын қаржыландыруға қатысуды кеңейтуге мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда, тетікті жүзеге асыру инвестициялық белсенділікті ынталандыруға, құрылыс саласын дамытуға және нарықта сапалы тұрғын үй ұсынысын арттыруға ықпал етеді.
Анықтама үшін: «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ — тұрғын үй құрылысын қаржыландырумен және қолдаумен айналысатын «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы. ҚТҮК 2000 жылы «Қазақстандық ипотекалық компания» деген атаумен құрылған. 2021 жылы ҚТҮК атауын өзгертіп, «Бәйтерек девелопмент» АҚ және «Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры» АҚ-мен біріккеннен кейін Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы мәртебесін алды. ҚТҮК үлестік тұрғын үй құрылысын кепілдендіру, кешенді құрылысты қаржыландыру және әкімдіктер облигацияларын сатып алу арқылы тұрғын үй алу, ипотекалық және жалдау бағдарламаларын дамыту және басқа да кең ауқымды құралдарды жүзеге асырады.
Bank RBK қазіргі таңда Қазақстанның қаржылық тұрғыдан неғұрлым тұрақты және қарқынды дамып келе жатқан банктерінің бірі саналады. Корпоративтік несие портфелінің көлемі бойынша ірі коммерциялық банктер арасында 5-орында, активтерінің көлемі бойынша 7-орында, меншікті капиталының көлемі бойынша 10-орында тұр.
Банк елдің ірі экономикалық орталықтарын қоса алғанда, әр өңірдегі 13 филиал арқылы клиенттерін белсенді қолдайды. Кең филиалдық желінің арқасында Bank RBK шамамен 33 мың корпоративтік және 1 млн-ға жуық бөлшек клиентке қызмет көрсетеді.
№1.1.821.135 лицензия, 15.07.2026 ж., Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген.


