Bank RBK цифрлық теңгені қолдану аясын кеңейтті: транзакциялық операциялардан бөлек, банк осы құралды пайдаланып нақты сектор кәсіпорындарын кредиттей бастады. Алғашқы мәмілелер «Даму» қорының «Өрлеу» бағдарламасы аясында өтті. Бұл кәсіпкерлерді қаржыландыруды цифрландыруда жаңа бет ашты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Цифрлық теңге — есеп айырысудың жаңа форматы ғана емес, бизнесті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың ашықтығын арттыратын қосымша құрал. Ол қаражаттың қозғалысын бақылау тетіктерін құруға, ал банктерге кредиттеу мүмкіндіктерін кеңейтіп, қаржылық процестерді жетілдіруге мүмкіндік береді.

Bank RBK цифрлық теңгені пайдаланып бірнеше кредит беріп үлгерді және осы инновацияны кредиттік қызметіне енгізген елдегі алғашқы банктердің бірі болды. Атап айтқанда, кәсіпкерлердің бірі алған қаржыны Қарағандыда мал шаруашылығына арналған жабдық шығарылымын кеңейту үшін өзінің өндірістік базасын сатып алуға жұмсады.

«Біздің міндетіміз — жаңа технологияларды жай ғана енгізу емес, оларды экономика үшін жұмыс істейтін құралдарға айналдыру. Цифрлық теңге кәсіпкерлерді қаржыландыруға және мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге қосымша мүмкіндіктер ашады. Bank RBK үшін бұл қаржы құралдарын әртараптандыру мен цифрлық банктік шешімдерді дамытудағы маңызды қадам. Қаржылық процестерді тиімдірек етіп, бизнестің ілгері жылжуына көмектесетін технологияларда үлкен әлеует бар деп есептейміз», — деді Bank RBK басқарма төрағасының орынбасары Айдос Мұхамеджанов.

Жоба басталғаннан цифрлық теңгемен кредиттеу іске қосылғанға дейін 4 ай өтті. 2026 жылдың мамырында банк өз жүйелерін Ұлттық төлем корпорациясының Цифрлық теңге платформасына қосуға кірісті. Осы уақыт ішінде цифрлық теңгені сатып алу, сату, таңбалау және аудару функциялары жүзеге асырылды.

Жаңа сервис клиенттерге қазірдің өзінде қолжетімді: олар «Интернет-клиент» жүйесі арқылы өтінішті электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойып, цифрлық теңгеде шот аша алады, сондай-ақ мемлекеттік бағдарлама бойынша кредит ала алады.

Bank RBK үшін бұл жоба дамудың екі бағытын біріктіреді: заманауи технологияларды енгізу және қаржыландыру құралдарын кеңейту. Цифрлық теңгені тәжірибеде қолдану банктердің, мемлекеттің және кәсіпкерлердің өзара іс-қимылына жаңа мүмкіндіктер туғызып, қаржы ресурстарын Қазақстанның нақты секторын дамытуға бағыттауға көмектеседі.

2026 жылғы 15 шілдеде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген № 1.1.821.135 лицензия.