Астананың «Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатында Төменгі Каманың «Нефтехимигіне» қонақта жеңіліс тапты. «Нефтехим аренада» өткен кездесу мұз иелерінің пайдасына 4:2 есебімен аяқталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Кездесуде алғашқы болып астаналықтар көзге түсті. Бірінші кезеңнің бесінші минутында Всеволод Логвин көпшіліктегі мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, «Барысты» алға шығарды. Екі минуттан кейін Семён Симонов қазақстандық ұжымның басымдығын нығайтты. 11-ші минутта төменгікамалықтар Александр Петуниннің арқасында бір шайбаны қайтарды — ол тең емес құрамда көзге түсті.

Екінші кезеңнің басында Артур Тянулин есепті теңестірді, ал соңғы жиырма минутта Григорий Слезнев пен Иван Николишин үшінші және төртінші шайбаны астаналық қақпашының қақпасына салып, «Нефтехимикке» жеңіс әкелді.

Осылайша, жеңілістен кейін «Барыс» Шығыс конференциясының турнирлік кестесінде 33 ұпаймен жетінші орында тұр. Михаил Кравец шәкірттерінің келесі матчы да сыртта — 1 желтоқсанда Екатеринбургтің «Автомобилистіне» қарсы өтеді.