Астаналық хоккей клубы «Барыс» Өфіде өтіп жатқан Башқұртстан Республикасы Кубогының маусым алдындағы турнирінде сәтсіз бастады. Михаил Кравец шәкірттері алғашқы матчта мұз иелері — өфілік «Салават Юлаевтан» 1:4 есебімен ұтылып қалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Турнирдің алғашқы ойын күні Хабаровскілік «Амур» мен тольяттилік «Лада» арасындағы кездесумен ашылды. Қиыр Шығыс командасы қарсыласын бес жауапсыз шайбамен (5:0) сенімді түрде тізе бүктірді. Содан кейін Кубоктың салтанатты ашылу рәсімі өтіп, одан соң мұзға «Салават Юлаев» пен «Барыс» шықты.

Мұз иелері 15-минутта сандық артықшылықты пайдаланып есеп ашты: Максим Кузнецов гол соқты. Бірінші кезеңнің соңына дейін астаналықтар есепті теңестіре алды — Алихан Өмірбеков америкалық Чейс Приски мен Мади Диханбектің қатысуымен жасалған комбинацияны нәтижелі аяқтап, 1:1 есебін орнатты. Алайда үзілістен кейін өфіліктер тағы да артықшылықты сәтті пайдаланды, ал матч соңында Андрей Шутовтың қақпасына тағы екі рет гол соғып, есепті ірі — 4:1-ге жеткізді.

Айта кету керек, «Барыс» дәстүрлі түрде маусымға дайындықты Астанадағы оқу-жаттығу жиындарынан бастады. Командаға жаңа ойыншылар қосылды, бірақ Өфіге негізгі құрамның барлық ойыншылары жете алмады. Американдықтар Джастин Бэйли мен Мэйсон Морелли қажетті құжаттарды рәсімдеп жатыр, ал Алихан Әсетов жарақатынан кейін жеке бағдарлама бойынша қалпына келуде.

Бапкерлер штабы мен ойыншылар алдағы маусымға команда капитанын анықтады — ол Кирилл Савицкий болады. Капитанның көмекшілері болып Джейк Масси, Самат Данияр және жоғарыда аталған Мэйсон Морелли тағайындалды.

Турнирдің келесі матчында, ертең, 18 тамызда «Барыс» хабаровскілік «Амурмен» кездеседі. Ал жарыстың соңғы күні, 20 тамызда астаналықтар тольяттилік «Ладамен» сынға түседі.

Еске салайық, өфілік маусымаралық турнир алғаш рет 1999 жылы «Салават Юлаев» хоккей клубының жүлделеріне арналған турнир» деген атпен өткізілген болатын. 2001 жылдан 2012 жылға дейін ол «Башқұртстан Республикасы Президентінің Кубогы» деп аталды, ал 2012 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Башқұртстан Республикасы Кубогы деп аталады.

Турнир иелері бас жүлдені 12 рет жеңіп алды. Қалған командалар арасында ең жиі ярославльдік «Локомотив» жеңімпаз атанды (3 рет), ал «Авангард», «Ак Барс», «Лада», «Молот-Прикамье», «Нефтехимик», СКА, «Югра», «Северсталь» және словакиялық «Скалица» бір-бір рет жеңіске жетті. «Барыс» 2018 жылы Өфідегі турнирде төртінші орын алды.