Додада (Катар) өтіп жатқан стендтік атудан әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Әсем Орынбай үздік бестікке енді және елге алғашқы олимпиадалық лицензияны әперді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жарыстың шешуші раундында ұлттық құрама өкілі 24 нысананың 20-сын дәл көздеді. Орынбай жарыс қорытындысы бойынша бесінші орынды иеленді.

Жарыс жеңімпазы атанған Қытай өкілі Цзян Итин 34 нысананы дәл көздеді. Күміс медальді оның отандасы Чэ Юйфэй 32 нысана нәтижесімен жеңіп алды. Үздік үштікті словакиялық Моника Штибрава қорытындылады.

Айта кетейік, Әсем Орынбай — Қазақстанның стендтік ату құрамасының жетекші спортшыларының бірі. 2023 жылы ол Ханчжоуда (Қытай) өткен Азия ойындарының чемпионы атанды. Сонымен қатар оның еншісінде Хорватияның Осиек қаласында өткен 2022 жылғы әлем чемпионатының аралас командалық жарыстарында жеңіп алған қола медалі бар.

Додадағы оқ ату және стендтік атудан әлем чемпионаты 14 қарашаға дейін жалғасады.