Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар көкөніс өнімдерінің тапшылығына жол бермеуді және бағаның қымбаттауын болдырмауды тапсырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдегендей, бұл үшін Қазақстан өңірлерінде қысқы және көктемгі кезеңге көкөніс қорлары жасақталады. Үкімет көкөніс өнімдерінің қысқы және көктемгі кезеңге арналған қорларын қалыптастыру жұмыстарын күшейтеді.

«Басым бағыт – қысқы және көктемгі кезеңге көкөніс, әсіресе картоп қорларын жасақтау. Егін жинау науқаны барысында қажетті көлемдерді уақытылы келісімшартқа байланыстырып, оларды сатып алуды және сақтауға қоюды ұйымдастыру маңызды. Өңірлердің әкімдіктері бұл мәселені бақылауға алып, маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар көкөніс өнімдерінің тапшылығына немесе бағасының қымбаттауына жол бермеуі керек. Сонымен қатар, артық өнімді экспортқа бағыттаған жөн. Сауда және көлік министрліктері аграрларға өткізу нарықтарын іздеуге және өнімді сатуға көмек көрсетуі тиіс», – деп тапсырды үкімет басшысы.