Бельгия королі Филипп Қазақстан мен Бельгия іскер топтарын энергетика, аса маңызды минералдар, көлік және логистика, қаржы және туризм салаларында өзара іс-қимылды белсенді дамытуға шақырды. Ол бұл туралы Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Монархтың айтуынша, Брюссель мен Астананың Еуропа мен Орталық Азия арасындағы байланысты нығайтуға қажетті барлық алғышарты бар.

«Еуропалық одақтың дәл ортасында орналасқан Бельгия еуропалық нарыққа ашылған қақпа іспетті және технология, инновация, таза энергетика, логистика мен халықаралық сауда салаларында мол тәжірибеге ие», — деді Филипп.

Ол Қазақстанды еуразиялық кеңістіктегі маңызды байланыстырушы буын деп атады. Оның бағасынша, географиялық орналасуы мен табиғи ресурстары елге сауда, инвестиция және жасыл экономиканы дамытудың өңірлік орталығына айналуға мүмкіндік берді. Екі мемлекеттің осы ерекшеліктері өзара толықтыратын ынтымақтастыққа негіз қалайды.

«Бельгия мен Қазақстанды айтарлықтай географиялық қашықтық бөліп тұр, алайда мақсат-мұрат деңгейі, прагматикалық көзқарас және шешімділік жағынан біз таңғаларлықтай жақынбыз», — деп түйіндеді король.

Бұған дейін «Курсив» жазғандай, осы отырыста президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық өнімнің өткізу нарығын кеңейту үшін Антверпен-Брюгге порттық кешенін Ақтау және Құрық порттарымен серіктестік орнатуды ұсынды. Ол басымдықтардың қатарында жасанды интеллект, аса маңызды минералдарды өңдеу, энергетика және фармацевтиканы да атады.