2026 жылғы физика саласындағы Нобель сыйлығы бельгиялық ғалым, АҚШ-тағы Висконсин-Мэдисон университетінің профессоры Фрэнсис Хальценге берілді. Ол IceCube нейтрино обсерваториясын құруға қосқан шешуші үлесі және ғарыштан келген жоғары энергиялы нейтриноларды ашқаны үшін марапатталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Хальцен 1988 жылы нейтриноларды іздеу үшін Оңтүстік полюстегі мұзды пайдалануды ұсынған болатын. Бұл бөлшектер Ғалам арқылы үнемі ұшып, Жер мен адам денесінен өтеді, алайда оларды байқау мүмкін емес дерлік.
Кейде нейтрино атоммен соқтығысады — сол сәтте кішкентай жарық жарқылы пайда болады. Дәл осы жарқылды арнайы сенсорлар тіркей алады.
Осы мақсатта ғалымдар IceCube — Антарктида мұзының астына жасырылған алып обсерваторияны салды. Ол шамамен бір текше километр аумақты алып жатыр, ал мұзға 2,5 км тереңдікке дейін мыңдаған жарық сенсорлары орнатылды.
Неге дәл Антарктида? Ондағы мұз өте таза әрі кедергілер жоқтың қасы. Сонымен қатар, жерасты қондырғысы бақылауға кедергі келтіретін көптеген бөлшектерден қорғалған.
IceCube құрылысы 2011 жылы аяқталды. Көп ұзамай ғалымдар жоғары энергиялы нейтриноларды тіркей бастады, кейінірек олардың кейбірі Күн жүйесінен тыс жерден келгенін дәлелдеді.
Бұл астрономия үшін маңызды жаңалық болды. Жарық пен басқа бөлшектерден өзгеше, нейтринолар Жерге қарай жолында бағытын дерлік өзгертпейді, сондықтан олар ғалымдарға Ғаламдағы ең қуатты әрі жұмбақ процестер туралы айтып бере алады.
«Оның табандылығы мен ғылыми көрегендігі астрономияның жаңа түріне жол ашты», — деді Нобель комитетінің физика жөніндегі төрағасы Марк Пирс.
Хальцен 1944 жылы Бельгияның Тинен қаласында дүниеге келген. 1969 жылы Левен католик университетінде философия докторы дәрежесін алды.
Биылғы Нобель сыйлығының мөлшері 12 млн швед кроны (шамамен 542 млн теңге).
Нобель апталығы жалғасуда. 7 қазанда Стокгольмде химия саласындағы лауреаттар жарияланады, 8 қазанда — әдебиет. 9 қазанда бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының иесі белгілі болады.
Бұған дейін «Курсив» Илон Масктың американдық SpaceX ғарыш компаниясы Техастан ғарышқа жүк пен адамдарды жеткізуге арналған Starship зымыранын ұшырғанын жазған. Қозғалтқыштардың біреуі мерзімінен бұрын өшкеніне қарамастан, кеме орбитаға шығып, Starlink спутниктік интернет желісінің 26 спутнигін шығара бастады.


