Binance криптобиржасы 30 қазанда болған қауіпсіздік оқиғасы қызметкерлерінің бірінің ноутбугінің бұзылуына байланысты болуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Binance-тың X әлеуметтік желісіндегі ресми аккаунтында қауіпсіздік оқиғасы бойынша алдын ала тергеу нәтижелері жарияланды.
«Binance-тың алдын ала тергеуі қауіпсіздік оқиғасы DevOps инженерінің ноутбугінің компрометациялануына байланысты болуы мүмкін деп болжайды. Бұл қаскөйге сервистік контейнерге қол жеткізіп, қаражатты шығару бойынша рұқсатсыз транзакцияларды орындауға мүмкіндік берді», — делінген хабарламада.
Криптобиржа әмияндардың жеке кілттерінің тарап кетуіне қатысты ешқандай дәлел табылмағанын хабарлады.
«Тергеу аяқталып, барлық фактілер толық тексерілгеннен кейін егжей-тегжейлі техникалық пост-мортем жариялаймыз. Болжамды жалпы шығын шамамен 6,3 млрд долларды құрайды. Зардап шеккен активтерді тоқтату үшін блокчейн серіктестерімен бірлесіп жұмыс істедік, қазіргі таңда тізбекте шамамен 3 млрд доллар тоқтатылды. Binance барлық шығынды SAFU қоры мен компания қаражаты есебінен өтейді. Пайдаланушылардың қаражаты қауіпсіз. Сондай-ақ қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін резервтердің жаңартылған растауын жариялаймыз», — делінген мәлімдемеде.
Айта кетейік, деректерге сәйкес, Binance шұғыл сақтық шарасы ретінде мына қадамдарды жасады: қауіпсіздік тексерулері аяқталғанша қаражатты енгізу мен шығаруды уақытша тоқтатты; зардап шеккен мекенжайдың авторизациясын кері қайтарды; қаражатты қадағалау және қалпына келтіру үшін құқық қорғау органдары мен блокчейн аналитикасы серіктестерін тартты.
«Біздің командалар бұл мәселені қауіпсіз әрі мұқият шешу үшін тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Осы қылмыскерлердің жеке басын растау және оларды жауапкершілікке тарту үшін құқық қорғау органдарындағы серіктестерімізбен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Жаңартулар үшін тек Binance-тың ресми арналарына сеніңіз. Қосымша сұрақтарыңыз болса, Binance клиенттерге қолдау көрсету қызметіне хабарласыңыз», — деді криптобиржада.
Еске салайық, бұған дейін ірі криптовалюта биржасы Binance ықтимал бұзу туралы хабарламалар аясында қаражатты енгізу мен шығару бойынша барлық операцияларды тоқтатқаны белгілі болды. Шығын 6,3 млрд долларға жетуі мүмкін.


